Тиімсіздігіне байланысты 200 млрд. теңге шамасындағы салықтық жеңілдіктер жойылуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде тиімсіз салықтық жеңілдіктер жойылуы мүмкін, ал олардың шамасы 200 млрд. теңгені құрамақ. Бұл туралы бүгін Сенатта салықтық тиімділіктер мәселесіне арналған «дөңгелек үстел» отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайынов мәлім етті.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы Парламентке Үкіметтен заң жобасы енгізіліп, онда агробизнес субъектілерін түбегейлі қолдауға бағытталған салықтық өзгерістер қамтылған болатын. «Осы бағытта заң жобасы аясында салықтық жеңілдіктерге тексерулер жүргізілді. Солардың нәтижесі бойынша жалпы сомасы 200 млрд теңгені құрайтын салықтық жеңілдіктерді жою ұсынылып отыр», - дейді Марат Құсайынов.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін арнайы салықтық режимдер аясындағы жер салығын 70 пайызға азайту, стратегиялық инвестициялық жобалар үшін мүліктік және жер салығын салықтан босату, Қазақстан Даму банкінің жұмыс істемейтін активтерін Қазақстанның инвестициялық қорына беру барысындағы салықтық жеңілдіктерді жою көзделіп отыр. Бұдан бөлек, дивидендтерге салық салу барысындағы жеңілдіктерді, қаржы лизингі бойынша корпоративтік табыс салығының сыйақысына салықтық жеңілдіктерді, сондай-ақ аяқталуының нақты мерзімдері көрсетілген уақытша жеңілдіктерді жою қарастырылады. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, мұндай салықтық жеңілдіктерді жою негізінен олардың тиімсіздігіне байланысты болып отыр.

«Жалпы, елімізде икемді салықтық саясат қалыптастыру бойынша жұмыстар одан әрі жалғасады. Тұтастай алғанда, Қазақстанда салық салудың жеткілікті жоғары деңгейіне байланысты салықтық жеңілдіктер қолдану нормалары өзін-өзі ақтады деуге келеді. Тоқтала кететін жайт, Қазақстан соңғы жылдары салықтық жүктемелердің икемділігі жағынан да, тұтастай алғанда жекелеген салықтық жеңілдіктерді қолдану бойынша да шетелдік инвесторлар үшін тартымды бола бастады», - дейді М. Құсайынов.