TikTok АҚШ-та бұғатталмайтын болды: басқару халықаралық инвесторларға өтті

Фото: Agenzia Nova

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі TikTok платформасы АҚШ-тағы әрі өзге де халықаралық инвесторлармен келісімге қол қойды. Келісім бойынша АҚШ-тағы бизнестің басым бөлігі жаңа иелерге өтеді, деп хабарлады TikTok бас директоры Шоу Цзы Чу қызметкерлерге жолдаған хатында («BBC» дерегінше). Бұл туралы 24 kg жазды.

Келісімнің құрылымына сәйкес:

  • 50% кәсіпорын инвесторлар тобына өтеді, оған Oracle, Silver Lake және MGX (БАӘ) инвестициялық компаниясы кіреді;

  • 30,1% акцияны ByteDance-тің қазіргі инвесторларымен байланысы бар құрылымдар алады;

  • 19,9% бизнесті қытайлық ByteDance өзінде қалдырады.

Сонымен қатар, Oracle фирмасына TikTok-тың ұсыныс алгоритмін пайдалану лицензиясы беріледі. Бұл шешім Вашингтонның ұлттық қауіпсіздік саласындағы алаңдаушылығын азайтуға бағытталған.

Келісімді аяқтау 2026 жылдың 22 қаңтарына жоспарланған. Бұл АҚШ билігінің 170 миллионнан астам америкалық қолданатын платформаны сату немесе блоктау талпыныстарына нүкте қояды.

2024 жылы сәуірде Конгресс платформаны жаңа иесіз қалдырмау жағдайында тыйым салатын заң қабылдаған. Дональд Трамп президенттік қызметке кіріскен соң бірнеше рет заңды орындауды кейінге қалдырған.

2024 жылғы қыркүйекте Трамп Қытайдың төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, ұсынылған меншік беру схемасына келісім алғанын хабарлаған.

TikTok өкілдері келісім платформаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ғаламдық қоғамдастыққа қызметін әрі қарай пайдалану мүмкіндігін береді деп сендіреді.

Бұған дейін Трамп TikTok-қа оралып, платформаны «сақтап қалғанын» мәлімдеді.