TikTok АҚШ-тағы жұмысын жалғастыру үшін инвесторлармен келісімге қол қойды

Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM — TikTok компаниясы Oracle, Silver Lake және MGX секілді үш ірі инвестормен TikTok US атты жаңа бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімдерге қол қойды, деп хабарлайды Euronews.

Бұл келісім қысқа видеоларды көруге арналған танымал қосымша үшін маңызды кезең саналады. Қазіргі таңда TikTok-ты АҚШ-та 170 миллионнан астам адам тұрақты пайдаланады. Көпжылдық даулар 2020 жылғы тамызда АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп қосымшаны қытайлық шығу тегіне байланысты тыйым салуға алғаш рет, бірақ сәтсіз әрекет жасаған кезден басталған болатын.

Ішкі қызметтік жазбада келісім 22 қаңтарда толық аяқталуы тиіс екені айтылған. Бұл құжат The Associated Press агенттігінің қолына түскен. Аталған хабарламада компанияның бас атқарушы директоры Шоу Зи Чу ByteDance пен TikTok консорциуммен міндеттемелік келісімдерге қол қойғанын қызметкерлерге растаған.

— Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, адал еңбектеріңіз бен тынымсыз жұмыстарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында біз ең жоғары деңгейде жұмыс істеп келеміз, ал TikTok АҚШ-та да, әлем бойынша да өсіп, дамуын жалғастырып жатыр. Бұл келісімдер аясында біз бұрынғыдай пайдаланушыларымыз, контент жасаушылар, бизнес пен TikTok-тың жаһандық қауымдастығы үшін мақсаттарға қол жеткізуге назар аударуымыз керек, - деп жазды Чу қызметтік жазбасында.

Жаңа TikTok US бірлескен кәсіпорнының акцияларының жартысы инвесторлар тобына тиесілі болады. Олардың қатарында Oracle, Silver Lake және Әмірліктердің MGX инвестициялық компаниясы бар. Бұл инвесторлардың әрқайсысы 15 пайыздан үлес алады. Жаңа қосымшаның 19,9 пайызы ByteDance компаниясының өзіне тиесілі болса, тағы 30,1 пайызы ByteDance-тің қазіргі инвесторларымен аффилиирленген тұлғалардың үлесінде болады.

Қызметтік жазбада өзге инвесторлардың кім екені нақтыланбаған. Ал TikTok компаниясы мен Ақ үй бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Меморандумға сәйкес, америкалық кәсіпорында жеті адамнан тұратын жаңа директорлар кеңесі құрылады. Кеңестегі орындардың басым бөлігін АҚШ азаматтары иеленеді. Сонымен қатар компания жұмысына америкалықтардың деректерін және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғауға бағытталған талаптар қолданылады.

Америкалық пайдаланушылардың деректері Oracle басқаратын жергілікті жүйеде сақталады.

Сонымен бірге АҚШ-тағы қолданушылар «қазіргі тәжірибесін сол күйінде» пайдалана береді, ал жарнама берушілер жаһандық аудиторияға қызмет көрсетуді жалғастырады.

Сондай-ақ TikTok алгоритмі америкалық пайдаланушылардың деректері негізінде қайта үйретіліп, контентке сыртқы ықпалдың болмауы қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, америкалық кәсіпорын ел аумағындағы контент модерациясы мен саясаттың сақталуын бақылаумен айналысады.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Қытайдың ресми өкілдері TikTok қосымшасын АҚШ бақылауына беру жөнінде алдын ала келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеген болатын.