TikTok-та әдепсіз видео жариялаған шетел азаматына айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада полиция қызметкерлері TikTok әлеуметтік желісінде әдепсіз сөздер мен қоғамдық тәртіп нормаларын бұзатын сөз тіркестері бар бейнежазбаны жариялаған 25 жастағы шетел азаматын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: Видеодан скрин

Бейнежазба Астанадағы Мәңгілік Ел даңғылында орналасқан Триумфалды арка аумағында түсірілген. Видео кейін әлеуметтік желіде жарияланған.

Бейнежазба авторы Ангелина Ванинаға сот шешімімен 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

— Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіп нормаларын сақтап, әдепті мінез-құлық танытуға шақырады. Құқыққа қайшы немесе қорлайтын мазмұндағы контентті жариялау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді, — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, елімізде соңғы екі жылда онлайн-платформалардан балағат сөздер бар 161 материал анықталды. Өшірілген контент саны бойынша TikTok көш бастап тұр.