TikTok пен YouTube Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті – вице-министр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жұмыс істейтін TikTok, YouTube және басқа да цифрлық платформалар ұлттық заңнама талаптарын, соның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті таратуға қатысты нормаларды сақтауға міндетті. Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев мәлім етті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның айтуынша, бұл талаптар контент авторларына ғана емес, Қазақстан аумағында қызмет көрсететін цифрлық платформаларға да қатысты.

– TikTok Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейді. Басқа платформалардың елімізде кеңсесі болмауы мүмкін. Дегенмен заңды тұлға ретінде олар да Қазақстан заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті, – деді вице-министр.

Бақтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, жасанды интеллект арқылы жасалған контентті таңбалау сайлау науқаны кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды. Себебі соңғы уақытта ЖИ көмегімен жасалатын жалған ақпарат пен алаяқтық әрекеттер көбейіп келеді.

Еске салайық, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында бүгін сайлауалды науқандағы жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы және фейк ақпаратпен күрес мәселелері талқыланып жатыр.