TikTok Ұлыбританиядағы жүздеген модераторды жасанды интеллектімен алмастыруы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың ByteDance компаниясына тиесілі TikTok әлеуметтік желісі контент модерациялайтын және платформа қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Ұлыбританиядағы бөлімшесінің жүздеген қызметкерін жұмыстан шығаруы мүмкін, деп хабарлайды Financial Times.
Бұл бөлімшенің қызметкерлері басшылықтан компания бұдан былай Лондоннан модерация жүргізбейтіні туралы хат алды. Британиялық коммуникация қызметкерлері кәсіподағының бағалауы бойынша, компанияның Лондондағы бөлімшесінде 300-ге жуық адам жұмыс істейді және олардың көпшілігі жұмыстан босатылуы мүмкін.
Модерация ішінара жұмыс күші арзан басқа елдерге, соның ішінде Дублин немесе Лиссабондағы бөлімшелерге ауыстырылады және ішінара AI жүзеге асырады.
– Технологиялық инновациялар, соның ішінде үлкен тілдік модельдерді дамыту біздің көзқарасымызды өзгертеді, - делінген хатта.
Жақында Ұлыбританияда Интернет қауіпсіздігі туралы заң күшіне енді, оның ішінде платформа пайдаланушылардың жасын тексеруді және 18 жасқа толмаған адамдар үшін ықтимал қауіпті контентті шектеуді талап етеді.
TikTok бұл мүмкіндікті өткен айда енгізді және компания болашақта жасты анықтау үшін пайдаланушының әрекетін талдай алатын AI құралдарын пайдалануды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, Германияда 16 жасқа дейінгі балаларға TikTok пен Instagram-ға тыйым салу ұсынылды.