Тікұшақ апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Бас әскери прокуратурасы Қызылорда облысында тікұшақ апаты фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бас әскери прокуратура қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын қадағалап отыр. Осы орайда түрлі сарапталамалар, қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізілуде. Бұл шаралардың барлығы ҚР Бас прокурорының жеке бақылауында екенін атап өткен жөн. Тергеу амалдары әуе сапары ережесін бұзу бабы бойынша жүргізіліп жатыр», - деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Еске сала кетсек, ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі бұған дейін Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырағанын хабарлаған болатын.

Апат салдарынан тікұшақ бортындағы 13 адам қаза тапты.