«Тіл ? барлық білімнің кілті» атты орыс тілі білгірлерінің байқауы өтеді
12:35, 12 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат. Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті және Қазақстанның Орыс қауымы «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Орыс қауымы арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы» Меморандумға сәйкес
2009 жылғы 13 мамырда Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Тіл ? барлық білімнің кілті» атты орыс тілі білгірлерінің байқауын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байқаудың ерекшелігі - «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын жүзеге асыруда Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Орыс қауымы арасындағы табысты ынтымақтастықтың нығаюы.
«Тіл ? барлық білімнің кілті» атты орыс тілі білгірлерінің байқауы алғаш рет өткізілмек.
Байқаудың мақсаты: жастардың бойында толеранттылықты тәрбиелеу, тілдерді меңгеруге деген шығармашылық қабілеттерін жандандыру, сөйлеу мәдениетінің деңгейін арттыру.
Байқауға облыстық және қалалық (Астана және Алматы) іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысады.
Байқауға қатысушылардың негізгі құрамы - орта жастары 14-20 жасты қамтитын жоғарғы оқу орындарының студенттері, мектептер мен колледжердің оқушылары.
Байқау төмендегі номинациялар бойынша өткізіледі:
- «Менің өлкемнің әдеби картасы» атты ауызша таныстырылым (электронды, көрнекті және басқа нұсқалары, 3-5 мин.);
- «Тіл ? барлық білімнің кілті» атты шығарма-эссе жанрындағы шығармашылық жазбаша тапсырма.
- Орыс және орыс тілді қазақстандық әдебиеттің классиктерінің және қазіргі заманғы жазушыларының туындыларынан үзінділерді мәнерлеп оқу, мәтінді лингвистикалық-стилистикалық талдау (билеттік жүйе);
- әндер, романстар, «частушкалар» және т.б. орындау (үй тапсырмасы).
Республикалық кезеңнің жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және лауреат дипломдарымен марапатталады.