Тіл білмеген қытайлық турист Германияда босқынға айналған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Дортмунд қаласындағы мигранттар орталығында қытайлық турист екі апта өмір сүрген. Ол полицияға әмиянының ұрланғанын хабарлағасы келген, алайда тіл білмеген турист миграциялық қызметке адасып барып, «босқын» деп тіркеліп кеткен, деп хабарлады ВВС агенттігі.

Не ағылшын, не неміс тілін білмейтін 31 жастағы Қытай азаматы қажетті сауалнаманы толтырып, медициналық тексеруден өтіп, саусақ таңбасын өткізген. Содан кейін оның шенген визасы бар паспортын алып, мигранттардың уақытша баспанасына орналастырған.
Болған жағдайға ер адам еш қарсылық көрсетпеген. Орталық оған күн сайын тамақ және жұмсайтын ақша беріп тұрған.
Мәселенің мән-жайын анықтауға себепші болған жергілікті Қызыл крест бөлімінің қызметкері шетелдіктің босқынға ұқсамайтынын айтқан. Орталық қытай тілінің аудармашысын шақырып, «босқынның» кім екенін сұраған. Сұхбаттан кейін оның Еуропаны өз бетімен аралап жүрген турист екені, Германиядан кейін Франция мен Италияға баруды жоспарлағаны белгілі болды. Тіл білмеудің кесірінен осындай күйге түскенін айтқан.
«Босқынның» баспана алуға берген өтініші күшін жойып, әрі қарай сапарын жалғастыруға рұқсат етілді. WDR неміс телеарнасы «туристің» ешқандай реніш білдірмегенін, тек Еуропаны басқаша елестеткенін айтты деп хабарлады.