Тіл комитеті «Абай оқулары» республикалық конкурсын жариялады

АСТАНА.  Шілденің 29-ы.  ҚазАқпарат -  Мәдениет  және ақпарат  министрлігінің Тіл  комитеті     Қазақстан халқы тілдерінің XI республикалық фестивалі аясында   өтетін «Абай  оқулары»  республикалық конкурсын    жариялады.

Бұл шара мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттыру мақсаттарына  бағытталып  отыр. Байқау екі кезеңде өтеді: нәтижелері   тамыздың 30-ына дейін мәлім болатын  аймақтық  кезең  және   Қазақстан халықтары тілдері фестивалінің аясында қыркүйек  айында өтетін республикалық кезең. 

Республикалық байқаудың сарапшылары  байқауға қатысушыларды алдын-ала тыңдап, сахнадан оқылатын өлеңдерін іріктейді. 

Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бұрынғы байқаулардың жүлдегерлері биыл өткізілетін республикалық байқауларға жіберілмейтінін  айта кету керек.

Конкурс  туралы  толыққанды  ақпаратты мына мекен-жайдан  алуға болады: Астана қаласы, Есілдің сол жағалауы, «Министрліктер үйі» ғимараты, 15 кіреберіс.  Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, «Абай оқулары» республикалық байқауы. Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-05-01 (тел/факс 74-05-06, 74-05-08);             E-mail: ahaeva@mki.kz