Тіл комитеті мемлекеттік тілді меңгерудің алты деңгейлік еуропалық жүйесін ұсынады

None
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілді меңгерудің алты деңгейлік еуропалық жүйесін ұсынады.

 Бұл туралы бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Мемлекеттік тілді дамытудағы проблемалар туралы» мәселені талқылау барысында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев  мәлім етті.

«Бұлар А1-А2 тілді қарапайым дәрежеде меңгеру, В1-В2 өз бетінше сөйлесетін дәрежеде меңгеру, С1-С2 мемлекеттік тілді іскерлік деңгейде, яғни еркін меңгергендер деңгейі болып табылады. Бұл ретте бірыңғай әдіснаманы құру үшін біз 2003 жылы бекітілген қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік стандарттарын анықтайтын мемлекеттік стандарттарға сүйендік. Сол кездің өзінде бұл стандарттар бар болатын, алайда заманға сәйкес және көбінесе жалпылама түрде жазылғандықтан бұл жұмысты одан әрі дамыту қажет болды», - дейді Арман Қырықбаев.

Оның айтуынша, 2011 жылы осы мақсатта үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытуға арналған стандарт-технологиясын, үлгілік оқу-әдістемелік кешенін, кілті бар тапсырмалар әзірлеу жөніндегі жоба жүзеге асырылған. Аталған жоба аясында стандарттың өзін жетілдіру жұмыстары қарастырылып, тестілеу тәсілі арқылы қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша емтихан тапсыруда оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу жұмыстары да қамтылған.

«Қазіргі таңда қазақ тілін оқыту мен меңгерудің және қазақ тілін қаншалықты меңгергенін анықтау үшін бірыңғай әдіснамалық жүйе қалыптасқан деп толық айта аламыз. Сөйтіп, екі жылдық жоба аяқталу үстінде», - деді ол.