«Тіл үшін күрес - тәуелсіздік үшін күрес» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қыркүйектің 22-сі. / ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 22-сі,  сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Кеше, яғни Ораза айттың екінші күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі саны «Жаңарған Жамбыл мен түлеген Тараз жерінде» деген тақырыппен мемлекет басшысының Жамбылдағы жұмыс сапарына назар аударды.

1989 жылы дәл осы күні тұңғыш «Тіл туралы» заң қабылданған болатын. Бұған қоса  халқаралық «Қазақ тілі» қоғамына 20 жыл толады. Осыған орай аталмыш басылымның бүгінгі саны «Тіл үшін күрес - тәуелсіздік үшін күрес» деген тақырыппен Академик Өмірзақ Айтбайұлымен болған сұхбатын жариялады. «Қазақ тілінің қалай мемлекеттік тіл мәртебесін алғаны күні бүгінгідей көз алдымызда. Ол оңайлықпен келген жоқ талай айқас, тіпті рухани шайқас болды. Өйткені, тілдің тағдыры - қазақтың тағдыры еді», - дейді Өмірзақ Айтбайұлы.

***

«Қазір 750 мың көлік бар деп есептелсе, олардың біразы демалыс күндері қала сыртына шығып кетіп, ол жақты да ластап жатқан жайы бар. Әсіресе, табиғаты тамылжыған аумақтарда демалушылардың әлі күнге тынығу мәдениетін меңгере алмауы өкінішті -ақ», - деп жазған «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Алатаудың етегі, көңіл күйін шертеді» тақырыбымен берілген мақала қоршаған ортаны қорғау аясындағы өзекті мәселені ортаға салады.

«Тіл туралы» заңның 20 жылдық мерекесіне «Айқын» басылымы да назар аударып, ана тіліміздің тағдыры жайында терең ой өрбіткен «Тіл азат болмай - діл азат болмайды, діл азат болмай - құл азат болмайды!» тақырыбындағы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерденұлымен болған сұхбатын ұсынды.

Сондай -ақ аталмыш басылымдағы «Ол көктем оралмайды» тақырыбымен берілген мақала «Муз Арт» тобының орындауында танымал болған  «Ол көктем оралмайды» деген әннің тарихына назар аударады.

***

«Алаш туын қолға алған». Осы тақырыппен «Астана ақшамы» газетінің бүгінгі саны Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың Семейде өткен жылдары туралы жазды.

«Қазақ киносы жаңа туындымен толықты. Отандық киноқоржынды толықтырған филым - өткен жұма күні бір мезгілде ел аумағындағы 26 кинотеатрда таныстырылымы болған «Афалинаның қарғуы» деп аталады».

«Астана ақшамы» басылымының осы санындағы «Тұңғыш саяси триллер» тақырыбымен берілген мақала қазақ кино саласындағы жаңа туындыға назар аударған.

***

  

Мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегация БҰҰ Бас ассамблеясының 64-ші сессиясының жұмысына қатысады. Бұл турасында «Экспресс К» газеті жазды.

«Жаңаның бәрі ұмытылған көнелер». Осы тақырыппен «Известия -Казахстан» газеті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшысы Қайрат Келімбетовтың Ұлттық банк мен Қаржы нарығын қадағалау агенттігін біріктіру туралы идеясына мақала арнаған. Бұл жайында кеңірек аталған басылымның бүгінгі санынан оқуға болады.

Соңғы 25 жылда жүрек-қан тамырлары дертіне шалдығу Қазақстанда 10 есеге артты, деп жазады «Литер» басылымы. Дәрігерлер аталған дерттің бұлайша етек алуының басты себебі науқастардың дер кезінде дәрігерге қаралмауында жатыр деп санайды. Бұл турасында осы газеттің «Өзгеріс талап етеді жүректер» тақырыбымен берілген мақаладан оқыңыздар.