Тіл үйрету орталықтары бір жүйеге келтірілетін болса, оның үлкен әлеуеттік құрылым болып қалыптасатыны сөзсіз

АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тіл үйрету орталықтары бір жүйеге келтірілетін болса, оның үлкен әлеуеттік құрылым болып қалыптасатыны сөзсіз.

Бұл туралы бүгін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік республикалық орталығының директоры Біржан Белғара «Тіл үйрету орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында мәлім етті.

Оның айтуынша, Тілдерді дамытудың үйлестіру-әдістемелік республикалық орталығы республика бойынша мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің мемлекеттік тізімінде тіркелген сәйкестік сертификатына ие болған бірден-бір орталық. «Біз тіл үйретумен қатар біліктілікті жетілдіру курстарын ұйымдастырып келеміз. Биылғы жылы біз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметінің тілдік қоржыны жүйесін енгізу бойынша біраз жұмыстар атқардық. Енді осы жүйені енгізу бойынша облыстар арасында сараптама жұмыстарын жүргізудеміз», - деді орталық директоры.

Сондай-ақ оның мәліметтеріне қарағанда, осы уақытқа дейін республикалық орталықтан 40-қа жуық мекемеден 1 мыңға жуық тыңдаушылар мемлекеттік тіл үйрету курстарынан өткен.