Тіл үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсіруді ұйымдастыру жайында конференция өтеді

АСТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 21 қазанда Астанадағы Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында

«Республикадағы мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсірудің ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтеді. Бұл туралы аталған орталықтан хабарланды.

Конференцияның негізгі мақсаты - еліміздегі мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсіру және оларға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету болып табылады. Конференция жұмысына белгілі ғалымдар, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының тіл үйрету орталықтарының басшылары мен әдіскерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысатыны жоспарланған.

Жиын барысында тіл үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсіру, мемлекеттік тілді оқытудағы жобалау технологиясы мен мемлекеттік тілді қашықтан оқыту әдістемесін жетілдіру, әлеуметтік лингвистиканың мемлекеттік тілді оқытудағы рөлін көрсету, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді оқытудағы оқу-әдістемелік кешендерді сараптау, т. б. маңызды мәселелер талқыланады деп күтілуде.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсіру жөніндегі ұсыныстар әзірленбек.