«Tilalemi.kz» порталы, «Atau.kz», «Emle.kz» және «Termincom.kz» электрондық базалары таныстырылды
«Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қазіргі кезде «Tilalemi.kz» порталын, ономастикалық базаға құрылған «Atau.kz», орфографиялық базаға негізделген «Emle.kz» және терминологиялық «Termincom.kz» сайтын бүгін таныстырғалы отыр. Мұндағы негізгі мақсат - 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын орындау, сонымен бірге мейлінше көпшілік бұқараға еліміздегі тілдік ахуалды, жинақталған тілдік қорды насихаттау, әдістеме саласын жетілдіру. Үйлестіру орталығы болғаннан кейін, осы ретте облыстардағы және басқа да орталықтар жөнінде мәлімет беріледі, яғни еліміздегі тілдік ахуалға толық мониторинг жасауға интернет кеңістігінде мүмкіндік туады. Сол себепті танымал ғалымдармен және ІТ мамандарымен келісе отырып, «Тіл әлемін» әмбебап деңгейде портал есебінде, ал жаңа аталған үшеуін сайт есебінде енгіздік»,-деді Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е. Тілешев.
Оның сөзіне қарағанда, «Тіл әлемі» порталында көпшілік қауыммен интерактивті байланыс ескерілген. Сонымен қатар әр автор, ғалым, жазушы тілге қатысты өзінің жеке парақшасын ашып, әлеуметтік желімен байланыса алады. Ал «Termincom.kz» сайтында терминологиялық лексиканы біріздендіру, қорды толықтыру, атауларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеу көзделген.
«Atau.kz» сайтында еліміздің барлық өңірлеріндегі елді мекендердің атаулары, көшелері қамтылған. Бұл электронды база ономастика саласындағы қордаланған мәселелерді шешудің бір тетігі болады»,-деді Е. Тілешев.