Тілдер онкүндігі: Ақмолада 40-қа жуық шара өткізіледі

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының тілдері күніне орай Ақмола облысында тілдер онкүндігі басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын өткізілетін тілдер онкүндігі биыл қыркүйек айының 5-18 күндері аралығына жоспарланып отыр», деп атап өтті М.Жақыпова. - «Қыркүйектің 5-і күні қазақтың ұлттық қоғамдық-саяси қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Сол себепті жыл сайын дәстүр бойынша осы күні тілдер онкүндігі бастау алады. Онкүндік шеңберінде облыста дөңгелек үстел, байқау, әдеби-сазды кештер, шығарма және сурет байқаулары тәрізді 40-қа жуық шара өткізу жоспарда бар. Жалпы, жылдан жылға шараның аясы кеңейіп келеді».

Атқарылған шаруалар және алдағы жоспарлары туралы Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі  Ринат Галямов айтып берді. Оның сөзінше, қазақ тілінде ашық диктант өткізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оған кез келген адам қатыса алады. Сондай-ақ, өзге ұлт өкілдері арасында «Туған жер» ән байқауы ұйымдастырылса, киелі орындарымен танымал Ерейментау және Қорғалжын аудандарында тақырыптық шаралар өткізу жоспарда бар.