Тілдерді дамыту бағдарламасына 2011-2013 жылдары 19 млрд. теңге жұмсау көзделеді - Қаржы министрі Болат Жәмішев
13:33, 13 Қыркүйек 2010
ыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Тілдерді дамыту бағдарламасына 2011-2013 жылдары 19 млрд. теңге жұмсау көзделеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.
Министрдің айтуынша, мәдениет және ақпараттық кеңістік саласында 2011-2013 жылдары бірқатар негізгі іс-шараларды қаржыландыру көзделіп отыр. «Атап айтқанда, бүгінгі күні әзірленіп жатқан Тілдерді дамыту бағдарламасына жалпы 19 млрд. теңге сома жұмсау көзделеді. Оның ішінде, 2011 жылға - 5,8 млрд. теңге, 2012 жылы - 6,5 млрд. теңге, 2013 - 6,7 млрд. теңге қарастырылған», деді Б. Жәмішев.
Министрдің айтуынша, «Мәдени мұра» жобасы аясында мәдени мұраларды сақтап, жаңғырту шараларына 2011-2013 жылдарға 4,4 млрд. теңге бөлу көзделеді. Бұның ішінде 2011 жылға бөлінетін қаражат - 1,7 млрд. теңгені, 2012 жылы - 1,3 млрд. , 2013- 1,4 млрд. теңгені құрайды.