«Тілдерді дамытудың қоғамдық кеңесі құрылмақ» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 10 тамыз, сәрсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Тілдерді дамытудың қоғамдық кеңесі құрылмақ» атты мақала басылды. Онда келесі жылдан бастап Тіл коми­теті­нің бастамасымен қоғам қайрат­кер­­лері­нен, зиялы қауым өкілдерінен тұра­тын қоғам­дық кеңес құрылатындығы айтылады. Кеңес ең алдымен тіл мәселесіндегі диалог­тық алаң ретінде қалыптасатын болады. Қоғамдық кеңеске мүше болу барынша ашық, кез келген азамат, кез келген ұйым өздерінің қоғамдық кеңес жұмысына қатысу ниеттерін жолдай алады. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес тіл заңнамасын жетілдіруге және тіл төңірегіндегі барлық бағыттарды дамытуға байланысты ұсынымдар әзірлейтін болады.

Сондай-ақ аталмыш басылымның бетінде «Мал бағуды кім үйретер бізге енді?» атты мақала жарияланды. Басылымның жазуынша,

1990 жылмен салыстырғанда ет өндірісі - 57, сүт өндірісі 94 пайызға кеміген. «Неге? Соның салдарынан ет те, малдан өндірілетін өзге өнімдер де сырттан тасымалдануда. Олардың сапасы мен тамақтық қасиеті де, жоғарыда өзіміз айтып өткен себептерге байланысты, үлкен күмән туғызады. Ал осы іске жауапты шенеуніктер болса, бағдарлама қабылдадық, енді бәленбай жылдан кейін бәрі де ас та төк болады

деп уәде беруден жалығар емес. Ол жыл қашан келеді және ол жылдардың игілігін кімдер көреді - ол туралы ешкім ештеңе айтпайды. Сон­дық­тан болар, кейбіреулер осы қаптап кеткен бағдарламалар

көз алдау болып жүрмесін деген күдіктерін де айтып қалып жүр», - делінген мақалада. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында.

***

«Алматы қаласы жаңа ауданмен толығады». «Айқын» басылымының бүгінгі санында осындай тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, 2005 - 2007 және 2008 - 2010 жылдарға арналған Тұрғын үй құрылысы бағдарламалары бойынша Алматыда 8657 пәтер салынып, пайдалануға берілген. «Бұл - бағдарламаға 25 мың адам ілікті деген сөз. Яғни Үкімет пен Алматы қалалық әкімдігі міндетті түбегейлі орындады. Алайда мемлекеттік бағдарлама бойынша баспанадан үмітті 11 мың адам кезекте тұр.

Ал коммуналдық-кепілдік баспанадан әлі де 14 мыңнан астам адам дәмелі. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен толыққанды қамту мақсатында Алматы қаласының әкімшілігі шаһар аумағындағы «Алғабас» және «Ақ бұлақ» аудандарының маңайына жаңа үйлер салуда», деп жазады басылым.

Сондай-ақ аталмыш басылымның хабарлауынша, республикалық диабет қауымдастығы тағы да дабыл қағуда. Олардың шамалауынша, елімізде диабетке шалдыққандардың саны 700 мыңнан асып кеткен. Рас, жыл басындағы ресми дерек бойынша, Қазақстанда 190 682 адам қант диабетімен тіркеуде болса, олардың 64 112-сі ерлер қауымы да, 126 570-і әйелдер. Десе де диабет дәрігерлері әрбір диагнозы қойылған диабетикке - ауруы жасырын түрде өрбіп жатқан 3-4 науқастан келетінін айтуда. Бұл есепті дұрыс деп тапсақ, Қазақстанның әрбір 22 тұрғыны - қант диабетінің құрсауында деген сөз. Аталмыш мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Сусамырдан көз жұмғандар саны еселеніп барады» атты мақаладан кеңірек білуге болады.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санын толықтай Абайдың туған күніне арнаған. Осыған қарай басылымда еліміздегі әйгілі ақын -жазушылар мен ғалымдардың Абай мен оның шығармашылығына қатысты ой-пікірлері, толғаулары жарық көрген. Атап айтқанда онда «Кеңес неге Абайдан өлердей қорықты?», «Абай неге сыйлықтан құр қалды?», «Сіздің танымыңыздағы Абай қандай?» сияқты өзге де бірқатар мақалалар жарияланған. Осы басылымға сұхбат берген Халықаралық «Алаш», І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Абайтану үлкен бір белестің жақсы бір нүктесі болып қалыптасты. Кейінгі бес-алты жылдан бастап абайтанудың жаңаша беті бір тосын бағытқа бет алып бара жатқан сияқты. Мәселе ол бағытта емес. Әр ұрпақ өз сөзін айтады, өзінше түсінеді, өзінше түсіндіреді. Мәселе -

сол ұрпақтың Абайды түсінудегі үстірттігінде. Ең бастысы өзіне дейінгі

100 жыл бойы зерттелген зерттеулер, айтылған пікірлер, ұсыныстар немесе талдаулар ұмыт қалып барады. Яғни, абайтану туралы пікір айтатын жаңа ұрпақ өткен мен бүгінді байланыстыра алмай жүр». Абай шығармашылығы мен оған қатысты бүгінгі таңда көтеріліп отырған мәселелер жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санын оқыңыз.

***

«Казахстанска правда» басылымының бүгінгі санында «Высоты степного орла» атты мақала жарияланды. Басылымның хабарлауынша, елде «Дала қыраны - 2011» тактикалық-арнайы бейбіт мақсаттағы оқу-жаттығу шаралары басталды. Биылғы жылы аталмыш шараға тек қазақстандық әскерлер ғана емес Ұлыбритания, АҚШ, Қырғызстан, Литва сияқты мемлекеттердің сарбаздары да қатыспақ. Аймақтық, жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселесіне бүгінде Президент, еліміздің Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев үлкен маңыз беріп отыр.