Тілді оқытудың кеңестік жүйесінен бас тарту қажет - ғалым К.Қонақова

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде басталған ҚР Филологтарының I съезінде Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлемдік тілдер университетінің мониторинг және ішкі аудит бөлімінің басшысы Клара Қонақова тілді оқытудың кеңестік жүйесінен бас тартуды ұсынды.

«Шыны керек, бүгінде біз тіл үйретудің бұрыңғы жүйесіне жүгініп, соған қайта оралып отырмыз. Одан, керісінше, бас тарту қажет. Біздің зерттеуімізге сәйкес, біздің тілдік білім беру саламыз әлі күнге дейін кеңестік жүйенің дәстүрлерін сақтап келеді. Оның бір артықшылығы - адам тілді фундаменталды түрде, яғни тереңдей зерттеп оқиды. Дегенмен, бұның өзі - кемшілік. Себебі теория тым көп беріледі. Соның салдарынан тілді оқытудың нақты формасы болмай қалады», - дейді К.Қонақова.