Тылдың тарихы соғыстың өзінен де қасіретті болуы мүмкін — өлкетанушы
АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі өлкетанушы, Жезді кентінің Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы Зейпін Қазанбаева жас ғалымдарды екінші дүниежүзілік соғыстың тылдағы тарихын зерттеуге шақырады.
— Тылдағы тарих, тылдағы ерлік өз алдына бөлек әлем. Соның ішінде екінші дүниежүзілік соғысқа келсек, майдандағы ерлік тарихы біршама зерттелді. Кейінгі жылдары талай ақтаңдақ ашылып жатыр. Қазіргі жас ғалымдардың енді қолға алатын дүниесі — тылдағы ерлік, тылда жасалған еңбек, тылдың тарихы. Ол соғыстың өзінен де қасіретті болуы мүмкін, — дейді Зейпін Қазанбаева.
Өлкетанушы Жезді кеніші (Ұлытау облысы) 1942 жылы ашылғанда жұмысқа кірген бір жерлесінің естелігін есіне алды.
«Біздің өміріміз майданға аттанған марганец вагондарының санымен өлшенеді. Күніне 24 сағат жұмыс істейміз. Вагондар толмай қалса 48 сағат тоқтаусыз жұмыс істейміз. Осы 48 сағатта демалып, ұйықтауға 3 сағат, ауқаттануға жарты сағат қана беріледі» деп жазған.
Тыл тарихын зерттеген адамға осындай қасіретті ерліктің сан қилы дерегі баршылық. Жездідегі марганец кеніші 38 күнде ашылған. Бұл жалпы өнеркәсіп тарихында теңдесі жоқ мерзім еді. Оның алғашқы қадасынан бастап қақпасының құлпына дейін Жезді мен Қарсақбайдың халқы салды. Мұны қазақ жеріне Украина мен Беларусьтен көшірілген кәсіпорындармен салыстыруға келмейді. Тылдың тарихы осындай деректерімен құнды, — дейді Зейпін Қазанбаева.
Айта кетейік, бүгін Астанада Ұлттық музейде «Қазақстан — майдан арсеналы» деген тақырыппен екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылдағы жұрттың бейнетіне арналған көрме ашылды.