«Тілге қатысты түсініксіз тірлік» - баспасөзге шолу
***
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы болып өтті. Оның жұмысын Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, сөз сөйледі. Осы жиын арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрді. Сонымен қатар, басылымда Елбасының сөйлеген сөзінің толық мәтіні «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» деген тақырыппен берілді. Елбасы өз сөзінде ХХІ ғасыр - интеграция ғасыры екендігін, ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырылған интеграцияға қарсы болу - заманауи үрдіспен дамуға қарсы болу екендігін баса айтты. «Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз - дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция - ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше, нығайта түседі» деді ҚР Президенті.
Ақмола облысындағы Калачи ауылы тұрғындарын бір жылдан бері айналдырып келе жатқан екі тәулікке дейін ұйқы құшағынан шыға алмайтын аурудың құпия сыры ашылды. Бұған дейін аталмыш елді мекенде зерттеу жүргізіп келген түрлі саланың мамандары мұның себебіне жете алмаған еді. Ал «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Қазақстан кәсіпкерлер форумы Астанадағы өкілдігінің директоры Гүлнар Қуанғанова бұл құпияның жайы белгілі болғанын айтып отыр. «Бұл ауылда жылдан астам уақыт бойы ондаған адам түсініксіз бір науқастың синдромына ұшырады. Денсаулық сақтау министрлігі оның вирустық та, бактериялық та сипаты жоқ екенін жеткізді. Ал сараптама нәтижелері оның сәулелік ауру екенін де теріске шығарып берді. Біз зерттемелерді сараптай келіп, Калачи тұрғындарының радоннан уланғанын айтар едік. Мұны Томск ғалымдары алған сараптамалар да дәлелдеді», - деді ол. Гүлнар Қуанғанованың айтуынша, радонның құрамындағы неон, аргон, криптон, ксенондар секілді газдардың есірткілік қасиеттері бар. Мәселен, криптон мен ксенон қалыпты атмосфералық қысымда терең ұйқыға әкеледі екен. Мақала « Калачи ауылының «құпиясы ашылды» деген тақырыппен берілген.
***
«Қазағы көп аймақта облыс әкімінің орынбасары неге жиынды орыс тілінде жүргізеді? Осы жағы бізге түсініксіз. Нақты айтар болсақ, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназароваға бюджеттік мекеме қызметкерлерінің өкпесі бар секілді, өйткені өзі басқарған жиынды ол көбінесе орысша жүргізеді. Оның тарапынан әрбір аудандар мен мекемелерге жіберілетін хат, хабарламалар да ресми тілде жіберіледі. Арагідік қазақшаланып қоятыны болмаса, қазағы көп аймақтың ресми жиындары неге орыс тілінде өтеді?» деп жазады «Айқын» газеті сенбілік санындағы «Тілге қатысты түсініксіз тірлік» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуына қарағанда, қала мектептерінде болып жатқан келеңсіз жайттарды тоқтатудың орнына, облыс әкімінің білім саласына жетекшілік ететін орынбасары А.Әлназарова ханым бүркемеленген арыздарды үсті-үстіне түрлі мекемелерге жолдап, тексертумен шектеліп отыр. Бір-ақ мысал, облыстық білім саласының қомақты қаржысын алып отырған мектеп-интернат бітірушілерінің ата-аналарын жинап, ақылы түрде оқытуды талап еткен.
Осы басылымда Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановпен арадағы сұхбат «Қариялар етті көп жемегені дұрыс» деген тақырыппен берілген. «Негізі, жас кезіңде жеген тамақтарды кейін ондай мөлшерде қабылдауға болмайды. Өйткені жас ұлғайған сайын адам ағзасы өзгереді, мүмкіншілік азая береді, ас қорыту күшінің деңгейі төмендей береді. Демек, ет, май асқазанға үлкен күш түсіреді. Сол үшін өз басым дәмді болғанына қарамастан, ет, май сияқты кейбір тамақтарды көп жемеуге тырысамын. Әсіресе, көк шөп, жемістер, көкөністерді пайдаланамын», - дейді ол басылым сауалына орай. Сонымен қатар Т.Шарманов модификацияланған өнімге қатысты да пікірін білдіреді. Оның атап өтуінше, модификацияланған өнім - ішінде пайдалы дәрумендері көбейтіліп, жақсартылған өнімдер. «Ал ол қалай алынады? Әртүрлі организмдерді реттеп, ең жақсы дүниелерін жинақтайды, ол сыртқы зиянды әрекеттен сақтау үшін әсер етеді. Негізі, оның адам ағзасына қабылдайтын әсері ғана бар. Ал әсер ететін түрлендіру факторы (модифицирующий фактор) сыртта қалады, ішке кірмейді. Көпшілігі «ГМӨ генетиканы өзгертеді екен» деп адастырады. Ол ешбір дәлелдеуге келмейтін, дәлелдеу мүмкін емес жалған ұғым. Өйткені генді өзгерту үшін генді модификацияланған факторды үлкен инженерлік әсермен ғана кіргізеді. Адамның ғана емес, өсімдіктердің, жан-жануарлардың клеткасы бірнеше қабат қорғалған, оған кіруі мүмкін емес», дейді ғалым.
***
«Қазақстанда «қырғыз» нөмірлі көліктердің саны алты есеге жуық азайды», деп жазады «Экспресс-К» газеті сенбілік санындағы «Я таких номеров даже в цирке не видел» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ағымдағы жылдың қаңтарынан жеке пайдалану үшін елімізге әкелінген көілктердің саны 548 бірлікті құраса, ал наурызда не бәрі 88 көлік қана жеткізілген. Бұл деректер Қазақстан азаматтардың Қырғызстан мен басқа да мемлекеттерден арзан көліктерді заңсыз жолмен әкелуден тиылып келе жатқандығын білдіреді. Есте болса, өткен айда кеденшілер полициямен бірлесіп, кедендік заңнаманы бұзған 700-ден астам жеңіл көлікті ұстаған болатын.