«Тілге тірек бола алмаған фестиваль қазақ мәртебесін асқақтата ала ма?» - республикалық басылымдарға шолу

None
АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 қыркүйек, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Парламентаралық байланыс - мемлекетаралық қатынастың маңызды құрамдасы» деген тақырыппен мақала басты. Мақалаға Сенат төрағасы Қайрат Мәмидің елімізге ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасы Халық өкілдері бүкіл­қы­тай­лық жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы У Бангомен болған кездесуде көтерілген мәселелер арқау болған.Қ. Мәми кездесу барысында екі ел заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында делегациялар алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгендігін айтады. Сондай-ақ екі ел арасындағы тауар айналымын 2015 жылға қарай 40 млрд. долларға жеткізу көз­де­лу­де

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Қазақстан Республикасының Парламентіне Теріс пиғылды діни ағым­дар­дың қызметінен зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтарының қауымдастығынан хат келді. Онда хат иелерінің өздерінің адам баласының жеке өмірі мен денсаулығына қасақана қауіп төндіріп отырған, мемлекет, от­басы, қоғам өмірінің тұрақтылығын шайқалтқан, жастар санасын улап, қатігездікке үгіттеу арқылы қыл­мыс­қа, тіпті өзіне-өзі қол жұмсауға итермелеп отырған тepic пиғылды діни ағымдардың емін-еркін жүргізіп жатқан ic-әрeкeтіне қатты алаңдаулы екендігі айтылған. Хатта көтерілген мәселелер жөнінде «Бүгін қимылдамасақ, ертең кеш болады» деген мақаладан білуге болады.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстан ТМД мемлекеттері ішінде оба ошақтарының саны мен көлемі жөнінен бірінші орында тұр. Осы мемлекеттердегі оба ошақтарының 51,1 пайызы Қазақстанның үлесінде. Кеінгі орындарды Түрікменстан (20,9) мен Өзбекстан (16,8) иеленген. Жағдайдың бұлайша сипат алуына не себеп болып отыр?. Ол жайында «Оба ошақтары орасан көп» атты мақаладан білуге болады.

Сондай-ақ осы басылым «Тілге тірек бола алмаған фестиваль қазақ мәртебесін асқақтата ала ма?» деген мақала жариялап, VII Халықаралық Еуразия кинофестивалі жөніндегі ой-пікрлерімен бөліседі. Басылымның жазуынша, фестиваль көбіне орыс тілінде жүргізіліп, қазақ тілі екінші де емес, үшінші орынға ысырылды. Ұйымдастырушылар біздің қазақшамызға қақпақ қойып, орыс тілінде орағытты. «Сөйтіп, бұл фестивальдің күндерін тілді бұрап тіршілік етумен өткіздік»,-деп жазады басылым.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Аурудың бәрі ауыздан кіреді» атты мақала жариялып, үлкен мәселе көтерді. Басылымның жазуынша, дәрі-дірмектердің арасында күмәнділері пайда бола бастады. Бұл - фармацевтика өндірісінің ел экономикасына қомақты табыс әкелетініне көзі жеткендердің құнығып кетуі салдарынан. «Жалпы, дүниежүзі бойынша айтсақ, дәрі-дәрмек саудасы күшті қарқын алу кезеңінің үстінде. Фарминдустриясының әлемдік айналымы 2007 жылы 712 миллиард долларды құраса, сөз болып отырған тауар айналымы 2010 жылы 950 миллиардқа жеткен. Біздегі жағдай да - осы. 2002 жылы бұл көрсеткіш 120-150 миллион долларға жетіп жығылса, одан кейінгі кезеңді айтсақ, яғни 2007 жылы 900 миллионға жуықтаған»,-деп жазады басылым.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Қазақ телевизиясының жаңалығы көп. Биыл «Балапан» телеарнасының ашылғанына бір жыл толып, «Қазақстан» телеарнасы толығымен мемлекеттік тілге көшті. Енді ұлттық және әлемдік өнердің жыршысы болатын «Мәдениет» телеарнасы іске қосылды. «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясының ұйытқы болуымен ашылып жатқан «Мәдениет» телеарнасы 80 пайыз қазақ тілінде және 20 пайыз өзге тілде хабар тарататын болады. Мақала «Мәдениет» арнасы ашылды» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, елімізде жыл басынан бері өнеркәсіп өнімдері 6 пайызға артқан. Алғашқы жартыжылдықта 70-тен астам жаңа өндірістер ашылған. 160 мың адам жұмыспен қамтылып, жыл соңына дейін республикада құны 600 миллиард теңгені құрайтын 129 жоба іске қосылады. Кеше Мемлекет басшысының қабылдауында болып, еліміздің экономикалық жетістіктері мен Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде есеп берген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осындай мәліметтерді келтірді. Бұл бағыттағы жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқандығын «Казахстанская правда» басылымының бетінда жарық көрген «Высокая динамика развития» атты мақаладан білуге болады.