«Тілі мүкіс балалар неге көбейіп барады?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Роберт Спенсер Оливерді және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сы делегациясының басшысы - ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушыларының Арнайы үйлестірушісі Тонино Пи­цуланы қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Жаңа анықтама беретін уақыт» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, әңгіме барысында Қазақ­стан­да өтетін алдағы президенттік сайлаудың мәселесі талқы­ланды. Біз алдағы кезектен тыс президенттік сайлау халық­ара­лық стандарттарға сәйкес өте­ті­ніне сенімдіміз, - деді кездесуден кейін журналистерге арнал­ған брифинг барысында Т.Пицула.

Осы басылымның жазуынша, Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы - Атқарушы хат­шысы, ТМД-ға мүше мемлекеттер тарапынан бай­қау­шы миссиясының жетекшісі Сергей Лебедевті қабылдады. Кездесу барысында Қ.Саудабаев әңгімелесуші тарап­ты алдағы уақытта өтетін сай­лауға дайындық барысымен та­ныстыра отырып, Қазақстан халықаралық стандарттарға сай ашық әрі әділ сайлау өт­кі­зуге дайын екендігін айта келе, «Біз елімізде халықаралық бай­­қау­шылардың белсенді әрі жемісті жұмыс жасауына мүдде­лі­міз және оған барлық жағдай жасалып отыр, - депті.

***

Атырауда тұңғыш рет жүкті әйелге бір мезгілде екі операция жасалды. Жүз адамның бірінде сирек кездесетін «Марфан синдромы» сырқатына ұшыраған жүкті әйелге кесар тілігі мен жүрегіне жасалған операция сәтті өтті. Бұл жайында «Айқын» газетінің сенбілік санындағы «Жүкті әйелге бір мезгілде екі операция жасалды» деген мақалада айтылған. Атырау облыстық перзентханаға жедел жәрдеммен ауыр халде жеткен 30 жастағы Маринаның жатырындағы жеті айлық баланы аман сақтап қалу үшін облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан Хасанова қалалық аурухананың білікті мамандарының көмегіне жүгінген. Жазылған жайт туралы тереңірек білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.

Бір жарым миллиард тұрғыны бар Қытайда топ жарып шыққан бауырымыз Қанат Ислам күні кеше ресми түрде Қазақ елінің азаматы атанды. Осыған орай «Айқын» газеті талантты боксшымен арадағы шағын сұхбатты оқырман назарына ұсынып отыр. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұшымды жауап берген ол: «Қытайда ресми емес дерек бойынша 2 миллионға жуық қазақ бар. Болашағынан үміт күтетін інілерім көп. Талантты жастарды елге тартып, екі ел арасында алтын көпір болғым келеді», - дейді.

***
«Тілі мүкіс балалар неге көбейіп барады?». «Алаш айнасы» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада қазіргі уақытта сәбилердің арасындағы тіл мүкістігінің көбейіп бара жатқандығы жайында кеңінен жазылған. «Байқасаңыз, бүгінде елімізде тілінің мүкістігі бар балалар жиі кездесетін болды. Көптеген дыбысты дұрыс айтпай, бұзып айтатындар көп. Баяғыда «р» әрпін «ыл» немесе «ғы» деп оқитындарды ғана көруші едік, қазір «қ» мен «г» әрпін «т» қылып, «р»-ды «м»-ға ауыстырып, «л»-ны «у»-мен алмастырып, «с», «ш», «ж», «з» әріптерін «ч» қылып айтатындар баршылық. Яғни дыбысталу жағынан бір-бірімен бес қайнаса сорпасы қосылмайтын әріптермен алмастыру үлкен проблема. Балабақшаға барсаңыз дыбысты дұрыс айтатын баланы шам алып әрең табасың», - деп жазады басылым.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында күйші, композитор, «Ақ жауын» Мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі Секен Тұрысбековпен арадағы сұхбат «Кім болса да, ең бірінші ұлтқа қызмет етуі тиіс» деген тақырыппен берілген. Басылымның барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Күйдің киесі деген бар, сол киенің ұруынан қорқуымыз керек. Үркіп баруымыз керек не нәрсеге де. Бүгінде күйді эстрадаға да, тіпті шыңғыртып рокқа да салдық. Өйтіп күйді дамытқанымыз құрысын. Мен үнемі айтамын: егер Құрманғазы мен Тәттімбет тіріліп келер болса, төбелерін ояр еді талайдың», - дейді.

***

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов бастаған Қазақстан делегациясы Тегеран қаласында өткен Наурыз мерекесіне арналған жиынға қатысты, - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Осы жиын барысында Қазақстан делегациясының басшысы Иран Ислам Республикасының Президенті М.Ахмадинежадпен кездесті. М.Ахмадинежад Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ қаулысын қуаттағанына және қазақстандық делегацияның Халықаралық Наурыз мерекесінің II жиынына қатысқанына ризашылық білдіре отырып, Наурыздың көрші мемлекеттердің ортақ мерекесі ретінде ұлттар байланысының артуына себеп болатынын жеткізді. Ол екі жақты қарым-қатынасқа тоқталып, Иран мен Қазақстан байланысының дамуы үрдісіне жоғары баға беріп, осы ынтымақтастық одан әрі нығая түседі деп сенім артты.