Тілшілер тіршілігін қамтамасыз етер «Қазмедиа» орталығы
«Көшемен өтіп бара жатқанда жалт-жұлт еткен шынылы биік ғимаратқа көзіңіз бірден түсері анық. Ғимараттың басты тұжырымы да дәл сонда жатыр. Ол журналистиканың, яғни ақпараттың ашықтығын, қолжетімділігін және шынайылығын білдіреді. Мен бұл ғимараттың әйнегінің ар жағында адамдар немен айналысып жатқанын көре аламын. Өйткені, ғимарат толықтай шыныдан соғылған», - деді медиа-кешенмен таныстырған Коммуникациялар және үйлестіру қызметінің бастығы Әсел Ибраева.
«Қазмедиа орталығы» - жалпы аумағы 68 мың шаршы метрді алып жатқан Қазақстандағы барлық ұлттық медиа хабар таратудың сапалы болуына жауапты жалғыз технологиялық алаң. Телерадио өндірісін оңтайландыру мен жаңғырту мақсатында құрылған орталық. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, орталық алаңы Бейбітшілік пен келісім сарайының екі ғимаратының аумағына тең. Мұнда тікұшақ қонатын алаңнан бастап, телеарналар, радиостансалар және продюсерлік орталықтар жұмысының толыққанды болуына қажетті барлық дүние бар.
Бүгінде «Қазмедиа орталығында» еліміздің негізгі 8 телеарнасы мен 3 радиосы, атап айтсақ, «Хабар» Агенттігі» АҚ («Хабар», «24 KZ», «KazakhTV» телеарналары), «Қазақстан» РТРК («Қазақстан», «Балапан», «KazSport» телеарналары, «Қазақ радиосы», «Шалқар» және «Астана» радиолары), «Еуразия» Бірінші арнасы, «МИР» ТРК орналасқан.
Танымал телебағдарламалар түсірілетін студиялар
Бұл ғимараттағы технологиялық аймақтардың бірі еліміздегі тәулік бойы жаңалықтар тарататын «Хабар 24» телеарнасы пайдаланатын роботталған студия саналады.
Ануарбек Бірімжанов, «Хабар 24» телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі: «Барлығы да мына кружкада кофе деп ойлайды. Ал шындығында мұнда мақта таяқшасы, айна және карандаш...».
Медиаоқиғалар орталығы
Орталықтың бірінші қабатында 888 адам сыятын «Қазмедиа холл» киноконцерт залы орналасқан. Мұнда түрлі іс-шаралар, атап айтқанда, концерттер, қойылымдар, форумдар мен ресми кездесулер жиі өтіп тұрады. Мәселен, дәл осы залда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өтіп, Президенттің «Алтын сапа» премиясының лауреаттары марапатталды, Еуразия медиа форумы, Astana Media Week шарасы ұйымдастырылды.
Дәл осы залда өткен медиа оқиғалардың бірі «Тұмар» Қазақстанның бірінші ұлттық телевизиялық сыйлығын табыстау рәсімі болғаны сөзсіз. Бұл шараны өткізуге медиа-орталықтың барлық техникалық мүмкіншілігі жұмылдырылған еді.
Сондай-ақ бұл ғимаратта ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі де орналасқан. Оның алаңында министрлердің, әкімдердің, қоғам қайраткерлердің, танымал жұлдыздардың қатысуымен тікелей эфирде баспасөз мәслихаттары өтіп тұрады.
«Нысанды пайдалануға беру барысында мұндай ауқымды ғимаратта кімдердің жұмыс істейтіндігі туралы мәселе көтерілді. Бос алаңдар өте көп болатын. Ал қазір орын жетіспейді. Мұнда жеке продакшн-студиялар орналасқылары келеді. Себебі, бұл жерде болу ыңғайлы әрі барлық телеарналармен тікелей байланысқа шығып отыруға мүмкіншілік мол. Бұл бір уақытта жұлдыздарды да, қоғам қайраткерлерін де көруге болатын бірегей алаң», - дейді өз кезегінде орталықтың бас директоры міндетін атқарушы с.
ҚМО қызметкерлері бұл ғимаратты «құмырсқа илеуі», «байланыстар орнатқысы келгендер үшін жұмақ», деп қалжыңдап жатады. Қарбалас сәтте холл ортасына келсеңіз, шынымен де барлығын көруге болады.