Тим Дрейпер қазақстандық стартапқа миллион доллардан астам инвестиция салды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – АҚШ-тағы венчурлық бизнестің бастамашыларының бірі Тим Дрейпер қазақстандық Citix стартапына 1 миллион доллардан астам инвестиция салды. Бұл туралы «Digital Almaty-2024»: «Industry X: Болашақтың цифрлық эволюциясы» VI цифрлық форумы барысында Бағдат Мусин мәлім етті.

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Министрдің айтуынша, Silkroad Innovation Hub резиденттік жобалары ішкі және әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. 

«Мәселен, жақында Skype, Tesla және SpaceX компанияларына табысты инвестицияларымен танымал әлемдегі ең ірі венчурлық инвестор Тим Дрейпер қазақстандық Citix стартапына 1 миллион доллардан астам инвестиция салған. Тағы бір Hub резиденттік стартапы TrustMe АҚШ-тағы Hero Training бағдарламасы аясындағы үздіктердің бірі атанды», - дейді ол. 

Еске салайық, былтыр қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Draper Fisher Jurvetson» компаниясының тең құрылтайшысы және Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпермен кездескен болатын.