Тime журналы Дональд Трампты жыл адамы атағына лайық көрді

Фото: instagram.com/realdonaldtrump

АСТАНА. KAZINFORM – Time журналының нұсқасы бойынша жыл адамы атағы АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампқа бұйырды. Шорт-параққа одан басқа Илон Маск, Кейт Миддлтон және Юлия Навальная кірді, деп хабарлайды ВВС

— Time редакторлары 97 жыл бойы жыл адамын таңдап келеді: бұл соңғы 12 айда әлемге ықпал ете білген, тақырыбымен көптің назарын аудара білген адамдар. Көптеген жылдар бойы үздіктерді таңдау оңай болған жоқ.  2024 жылы таңдау қиынға түскен жоқ, — деп түсіндірді журналдың бас редакторы Сэм Джейкобс.

Бас редактордың айтуынша, популизмнің қайта өркендеуін, өткен ғасырды анықтаған институттарға сенімсіздіктің таралуын және либералдық құндылықтар адамдардың көпшілігінің өмірін жақсартады деген сенімнің жойылғанын байқауға болады.

— Трамп бұл процестің агенті әрі бенефициары деуге толық негіз бар, — деп жазды Джейкобс.

Трамптың АҚШ-тағы президенттік сайлаудағы жеңісін көп жағынан тарихи деп атауға болады, деп жазды Time кандидаттардың қысқаша тізімін таныстыру кезінде.

Ол ел тарихындағы ең қарт президент және қылмыстық іс бойынша кінәлі деп танылған АҚШ-тың жалғыз басшысы болмақ.

Трамп АҚШ-тағы президенттік сайлауда алғаш рет жеңіске жеткен 2016 жылы Time журналының жыл адамы атанды.

Трамптың жыл адамы атанатынын бұған дейін CNN және Associated Press ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып хабарлаған.