«Times Higher Education - QS» Халықаралық зерттеу агенттігі қазақстандық университеттерге не істеу қажеттігін түсіндірді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халықаралық зерттеу агенттігінің аймақтық басшысы Зоя Зайцева, 2010 жылға арналған Университеттердің еуразиялық рейтингісін (World University Ranking) әзірлеу жайына тоқтала келе, қазақстандық ЖОО-лардың рейтингісін жоғарылатуға арналған бірқатар кеңестер берді.
«Қазақстандық университеттерге халықаралық ықпалдастыққа үлкен көңіл бөлу қажет. Оқытушылар мен жалпы оқу орындарының ғылыми-академиялық қызметі әлсіз және ғылыми тақырыптардағы еңбектердің жарияланымдарда бастырылуы кемшін соғып тұр. Бұл Орталық Азиядағы ЖОО-ға тән құбылыс», дейді З. Зайцева.
Оның айтуынша, QS халықаралық зерттеу агенттігі рейтингті көптеген өлшемдер бойынша құрастырғанымен, ең негізгі принциптерге баса назар аударады. Олар: университеттің халықаралық бағытталғандығы, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері, зерттеу жұмыстарының сапасы және оқыту сапасы.
QS халықаралық зерттеу агенттігі беделді компаниялардың бірі. Бүгінде көптеген жоғары оқу орындары мен білім министрліктерінің сыртқы және ішкі саясатын жүргізу жұмысында «Times Higher Education - QS» Халықаралық зерттеу агенттігінің рейтингісіне (World University Ranking) ерекше басымдық беріліп, оның қорытынды мәліметтеріне үнемі назар аударады. Қазіргі кезде QS Халықаралық зерттеу агенттігі «World University Ranking - 2010» жаңа рейтингі бойынша ақпарат жинақтауды бастады. Осы жоба аясында білім беру саласында алғаш рет әлемдік университеттерге шолу жасалып, Орталық Азия аймағындағы 130 елдің 2 мыңнан астам жоғары оқу орнының қызметі зарделенбек. Олардың ішінде Қазақстанның университеттері де бар. Рейтинг бүгінгі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарын анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, өткен жылы «World University Ranking - 2009» рейтингісіне Қазақстанның 4 жоғары оқу орны - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті және Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті қатысқан болатын. Бұл рейтинг бойынша 15 мыңнан астам жоғары оқу орнының ішінен Орталық Азия аймағында жалғыз Еуразия ұлттық университеті ғана әлемдегі үздік 600 жоғары оқу орындарының қатарынан көрінді.
Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, «Атамекен» одағы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, еліміздің 36 жоғары оқу орындарының ректорлары, және т.б. қатысты.