Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 190-ракеткасы, 23 жастағы Тимофей Скатов АҚШ ашық чемпионатының іріктеу сайысын сәтті қорытындылады.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 104-ракеткасы, ұлыбританиялық, 29 жастағы Билли Харриспен негізгі доданың жолдамасын сарапқа салды.
Бірінші партияда Харрис 6:4 есебімен басымдылық танытты.
Есесіне екіншісінде Скатов азулы қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ – 6:0.
Үшінші, шешуші сетте Тимофей матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:3.
Екі сағат 14 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Харрис 12 эйс, 2 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Өткен жылы АҚШ чемпионатында Тимофей Скатов іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, алғашқы айналымда ойнаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын US Open турнирінде Тимофей Скатовтың іріктеу сайысының финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Сербиядағы жарыстың жартылай финалына өтті.