АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 175-ракеткасы Тимофей Скатов Бухарест (Румыния) ATP 250 турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.
Қазақстандық спортшы іріктеу сайыстарының жартылай финалында дүниежүзілік рейтингіде 320-орында тұрған украиналық Олег Приходьконың мысын басты. Скатов 6:4, 6:3 есебімен екі сетте жеңіске жетті.
Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Тимофей 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Приходько 4 эйс, 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Скатов іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 189-ракеткасы, молдовалық Раду Алботпен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Отандасымыз 27 наурыз күні Жирона (Испания) челленджер турнирінің екінші айналымында дәл осы Р. Алботты 6:4, 3:6, 7:6 (7:3) есебімен жеңген еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).