Тимофей Скатов Франциядағы жарыстың финалында ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 230-ракеткасы Тимофей Скатов Труа (Франция) челленджер турнирінің финалына жолдама алды.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші соңғы бәсекеге дейін жетті. Т.Скатов жартылай финалда әлемнің 343-ракеткасы, италиялық Лоренцо Джустиномен бақ сынасты.
Екі сағатқа созылған тартысты матчта қазақстандық спортшы қарсыласын 7:6 (7:5), 6:4 есебімен тізе бүктірді. Ол 2 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Джустино 4 эйс, 5 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатовтың финалдағы қарсыласы кейін анықталады.
Т.Скатов қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 222-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Румынияда камбэк жасап, жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.