Тимофей Скатов Франциядағы жарыстың ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық, әлемнің 230-ракеткасы Тимофей Скатов Труа (Франция) челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 341-сатыда тұрған франциялық Матис Эрхардпен кездесті.
Скатов 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 35 минутқа созылған матчта ол 5 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Эрхард 3 эйспен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 352-ракеткасы, чехиялық Йонас Форейтекпен таласады. Ол рейтингіде 549-орындағы Польша өкілі Олаф Печковскиді жолдан тайдырды - 7:6 (7:5), 6:2.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге Уимблдон турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады. Қазақстандық-эквадорлық жұп монаколық Ромен Арнеодо - нидерландылық Сэм Вербиктен жеңіліс тапты - 6:2, 2:6, 5:7.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Юлия Путинцеваның олимпиада чемпионын ұтып, үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.