Тимофей Скатов Германиядағы турнирдің екінші айналымына шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 138-ракеткасы Тимофей Скатов Брауншвейг (Германия) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 513-орында тұрған франциялық Константин Биттун-Кузьминмен өткізді.

Т.Скатов 6:3, 6:1 есебімен оңай жеңіске қол жеткізді.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында ол 3 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін рейтингте 266-сатыдағы ливандық Бенджамин Хассанмен таласады.

Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев осы додада бразилиялық Тьяго Уайлдқа жол берді – 6:4, 4:6, 1:6.

Т.Скатов бұдан бір апта бұрын Карлсруэдегі осындай жарыстың жартылай финалына дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Уимблдонның ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.

Сондай-ақ Юлия Путинцева Швециядағы жарысты жеңіспен бастады.

Уимблдонда әлемнің бірінші ракеткасы жеңіліп қалды.