АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 182-ракеткасы Тимофей Скатов Херсониссос 2 (Грекия) челленджер турнирінің 1/8 финалына өтті.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Т.Скатов алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 536-орында тұрған америкалық Киган Смиттің мысын басты.
Бірінші партияда тай-брейкте Тимофей басымдылық танытты – 7:6 (7:2).
Екінші сет оңайырақ болды – 6:3.
Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Скатов 10 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды.
Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін рейтингіде 406-сатыдағы ұлыбританиялық Райан Пенистонмен таласады. Ол әлемнің 296-ракеткасы, словакиялық Мартин Клижанды сүріндірді – 6:4, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің АҚШ-тағы жарыста камбэк жасап, жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).