АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 182-ракеткасы Тимофей Скатов Херсониссос (Грекия) челленджер турнирін сәтті бастады.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Т.Скатов бастапқы кездесуін әлемдік рейтингіде 352-орында тұрған чехиялық Иржи Веселыймен өткізді.
Қазақстандық теннисші 6:4, 6:4 есебімен екі сетте жеңіске жетті.
Бір сағат 46 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Скатов 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Веселый 11 эйс, 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 366-ракеткасы, аустриялық Деннис Новакпен шеберлік таластырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Франциядағы жарыстың 1/8 финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ахмади Мақанов Еуропа рейтингісінде 8-орынға көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).