АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 273-ракеткасы Тимофей Скатов Задар (Хорватия) челленджер турнирін жеңіспен бастады.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 218-ракеткасы, аустриялық Деннис Новакка қарсы келді.
Тартысты өткен матчта бірінші партияда тай-брейкте Скатов басымдық танытты 7:6 (7:5).
Керісінше екінші сетте Новак сәтті ойнады 7:6 (7:5). Кеше үшінші партияда есеп 1:1 болған мезетте матч кейінге қалдырылды.
Бүгін жалғасқан бәсекеде Тимофей қатарынан бес геймді өз есебіне жазды — 6:1.
Үш сағатқа жуық созылған ойында Скатов 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Новак 3 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін рейтингіде 247-орында тұрған италиялық Алессандро Джаннессимен таласады.
Италиялық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 107-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, франциялық Корентен Мутені жолдан тайдырды — 5:7, 6:2, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами мастерс турнирінде Бублик пен Шевченконың кімдермен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).