АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 273-ракеткасы Тимофей Скатов Задар (Хорватия) челленджер турнирінің финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 254-ракеткасы, Болгария өкілі Адриан Андреевпен сынға түсті.
Болгариялық теннисші 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Скатов 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Андреев 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ.
Т.Скатов жартылай финалға дейін жетуі нәтижесінде ATP Live рейтингісінде 271-орынға көтеріліп тұр.
АҚШ-тың Майами қаласында мастерс турнирі өтіп жатқаны белгілі. Кеше түнде қазақстандық Александр Бублик алғашқы матчын өткізуі керек еді. Бірақ жаңбырға байланысты ойындар кейінге қалдырылды.
Майамиде сондай-ақ Бубликтен басқа жекелей сында Александр Шевченко, әйелдер арасында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жарысты жалғастыруда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Хорватиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).