АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 273-ракеткасы Тимофей Скатов Задар (Хорватия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Тимофей ширек финалда әлемнің 392-ракеткасы, аустриялық Сандро Коппен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда аустриялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде Скатов есе қайырды - 6:3. Шешуші үшінші сетте Тимофей жеңісті жұлып алды - 6:4.
Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Тимофей 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Скатов финалға шығу үшін әлемнің 254-ракеткасы, болгариялық Адриан Андреевпен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 261-орындағы Италия өкілі Энрико Далла Валлені жарыс жолынан тайдырды - 3:6, 6:4, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами турнирінде Елена Рыбакинаның үшінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).