АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның екінші, әлемнің 129-ракеткасы Тимофей Скатов Севилья (Испания) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда отандасы, дүниежүзілік рейтингте 242-орында тұрған Михаил Кукушкинмен кездесті.
Т.Скатов екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта 6:2, 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ол 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. М.Кукушкин 3 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін рейтингте 335-сатыдағы франциялық Валентин Ройемен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Новак Джоковичтің теннистен әлем рекордын орнатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Денис Евсеев Түркияда Ыстанбұл жарысының ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).