АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 277-ракеткасы Тимофей Скатов Барлетта (Италия) челленджер турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің – 166, осы жарыстың 3-ракеткасы, аустриялық Филип Мисоличтің мысын басты.
Скатов азулы қарсыласын бір сағат 50 минутқа созылған тартысты матчта 6:4, 6:3 есебімен жеңді. Ол 1 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін өз пайдасына жаратты. Мисолич 1 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) ғана шектелді.
Тимофей Скатов доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 305-ракеткасы, италиялық Риккардо Бонадиомен таласады.
Қазақстандық теннисші осы табысының нәтижесінде ATP Live рейтингісінде 274-орынға көтеріліп, көрсеткішін жақсартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Португалиядағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).