Тимофей Скатов Италиядағы тартысты матчта қарсыласын ұтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 181-ракеткасы Тимофей Скатов Франкавилла (Италия) челленджер турнирінің 1/8 финалына өтті.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 345-орында тұрған германиялық Джастин Энгельмен өткізді.
Скатов матчты сәтті бастады – 6:4. Алайда екінші сетте Энгель қарымта қайтарды – 6:2.
Дегенмен үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы таразы басын аудара білді – 6:4.
Екі сағат 16 минутқа созылған бәсекеде Скатов 2 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Энгель 5 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 331-ракеткасы, италиялық Джованни Фонио немесе рейтингіде 556-сатыдағы франциялық Бенуа Пэрдің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның жеңісті жолын Франциядағы турнирде жалғастырғанын жазған едік.