Тимофей Скатов Италиядағы турнирдің екінші айналымына өтті

Фото: Фото: olympic.kz

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 233-ракеткасы Виченца (Италия) челленджер турнирінің 1/8 айналымына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемдік рейтингіде өзінен бір саты жоғары тұрған бельгиялық Готье Онклиннің мысын басты.

Бірінші партияда Скатов айқын басымдылық танытты – 6:1.

Екінші сетте тай-брейкте жеңісті уысынан шығармады – 7:6 (7:4).

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық спортшы 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Онклин 2 брейкпен (11 брейк-пойнт) шектелді.

Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 182-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, аустриялық Лукас Ноймайермен таласады.

Тура бір ай бұрын Рим челленджер додасында Л.Ноймайер Т.Скатовты 6:3, 7:6 (7:3) есебімен ұтып кеткен еді.

Жүлде қоры 91 250 еуроға бағаланған Виченца турнирі 1 маусымда мәресіне жетеді. Жеңімпаз 12 980 еуроға қоса 75 рейтингілік ұпайға ие болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Елена Рыбакинаның тартысты матчта жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.