АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 189-ракеткасы Тимофей Скатов Перуджа (Италия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық спортшы ширек финалда әлемнің 178-ракеткасы, италиялық Марко Чеккинатоның мысын басты.
Қарсыластар осыған дейін өзара екі рет кездесіп, екеуінде де М.Чеккинато жеңген еді.
Бұл жолы қос сет те 6:4 есебімен Т.Скатовтың пайдасына шешілді.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Скатов 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын мүлт жіберген жоқ. Чеккинато 2 эйс, 4 брейкпен (12 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Тимофей Скатов финалға шығу үшін португалиялық Энрике Роша немесе швейцариялық Реми Бертоланың қай жеңгенімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 1 037-ракеткасы, 19 жастағы Соня Жиенбаева Унин (Қытай) ITF W50 турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 306-ыншы, осы жарыстың 7-ракеткасы, жапониялық Рина Сайгоға есе жіберді — 1:6, 6:4, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Соня Жиенбаеваның Қытайдағы жарыста азулы қарсыласын ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).