Тимофей Скатов Италиядағы жарыстың жартылай финалына шықты

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық әлемнің 308-ракеткасы Тимофей Скатов Тоди челленджер турнирінің жартылай финалына өтті. 

Қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 594-орында тұрған италиялық Джанмарко Ферраримен сынға түсті.

Бірінші партияда Тимофей басымдылық танытты — 6:4.

Екіншісінде тай-брейкте жергілікті спортшы есе қайырды — 7:6 (7:5).

Үшінші, шешуші сетте Скатов жеңісті жұлып алды — 6:2.

Екі сағат 33 минутқа созылған тартысты бәсекеде Тимофей 8 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Феррари 8 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Тимофей Скатов финалға шығу үшін әлемнің 246-ракеткасы, монаколық Валентен Вашеромен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогында қазақстандық жұптың чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған болатынбыз.