АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық әлемнің 308-ракеткасы Тимофей Скатов Тоди челленджер турнирінің жартылай финалына өтті.
Қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 594-орында тұрған италиялық Джанмарко Ферраримен сынға түсті.
Бірінші партияда Тимофей басымдылық танытты — 6:4.
Екіншісінде тай-брейкте жергілікті спортшы есе қайырды — 7:6 (7:5).
Үшінші, шешуші сетте Скатов жеңісті жұлып алды — 6:2.
Екі сағат 33 минутқа созылған тартысты бәсекеде Тимофей 8 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Феррари 8 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Тимофей Скатов финалға шығу үшін әлемнің 246-ракеткасы, монаколық Валентен Вашеромен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогында қазақстандық жұптың чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).