Тимофей Скатов Италиядағы жарыстың жеңімпазы атанды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 308-ракеткасы Тимофей Скатов  Тоди (Италия) челленджер турнирінде топ жарды. 

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 233-ракеткасы, италиялық Стефано Травальяның мысын басты.

Бірінші партияда Скатов 3:0 есебімен алға шыққанымен, Травалья таразы басын теңестіре білді. Дегенмен Тимофей тай-брейкте дегеніне жетті – 7:6 (7:4).

Екінші сетте италиялық спортшы айқын басымдылық танытты – 6:0. Үшінші, шешуші партияда Т.Скатов жеңісті жұлып алды – 6:2.

Екі сағат 45 минутқа созылған тартысты бәсекеде Скатов 1 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Травалья 8 эйс, 6 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, 24 жастағы Тимофей Скатов спорттық жолындағы үшінші титулына қол жеткізді.

Бір апта бұрын ол Бонн (Германия) челленджер жарысының финалында аустриялық теннисші Юрий Родионовқа есе жіберген еді – 6:3, 2:6, 4:6.

Скатов қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде бірден 193-орынға көтеріліп, ТОП-200-ге еніп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Италиядағы турнирдің финалында ойнайтынын жазған едік.