АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 172-ракеткасы Тимофей Скатов Рим (Италия) челленджер турнирін сәтті бастады.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 546-орында тұрған франциялық Антуан Корнут-Чаувинкпен өткізді.
Бірінші партияда Скатов тай-брейкте таразы басын өзіне аударды – 7:6 (7:1).
Екінші сет те қазақстандық спортшының пайдасына шешілді – 6:4.
Екі сағат 2 минутқа созылған тартысты бәсекеде Скатов 1 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Корнут-Чаувинк 7 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 287-ракеткасы, Италия өкілі Стефано Травальямен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 258-ракеткасы Денис Евсеев алғашқы айналымда рейтингіде 422-сатыдағы аустриялық Сандро Коптан өте алмады – 4:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде ТОП-10-нан шығып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).