АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 210-ракеткасы Тимофей Скатов Шанхай (Қытай) АТР 1000 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.
Т.Скатов іріктеудің жартылай финалында әлемнің 135-ракеткасы, грекиялық Стефанос Сакелларидиске қарсы келді.
Бұл қос спортшының өзара алғашқы кездесуі еді.
Қазақстандық теннисші екі сетте 6:3, 6:2 есебімен басым түсті.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Скатов 1 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Сакелларидис 5 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Тимофей Скатов іріктеудің финалында әлемнің 185-ракеткасы, аустралиялық Бернард Томичпен ойнайды. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 111-ракеткасы Александр Шевченко іріктеу сайысының жартылай финалында рейтингіде 218-орындағы жапониялық Йосихито Нисиокаға 2:6, 4:6 есебімен жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның жарақатына байланысты Қытайдағы турнирге қатысудан бас тартқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).