Тимофей Скатов Шымкенттегі турнирдің финалына шығу үшін таласады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 198-ракеткасы Тимофей Скатов Шымкент челленджер турнирінің жартылай финалына жолдама алды. 

Фото: ҰОК

Доданың 1-ракеткасы болып тіркелген Т.Скатов ширек финалда рейтингіде 675-орында тұрған Беларусь өкілі Даниил Остапенковпен кездесті.

Қарсыласының рейтингіде төмен тұрғанына қарамастан, матч өте тартысты өтті. Бірінші партияда Д.Остапенков тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Екіншісінде қазақстандық теннисші есе қайырды – 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші сетті Тимофей жеңіспен түйіндей білді – 6:4.

Үш сағат 21 минутқа созылған бәсекеде Скатов 2 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Остапенков 12 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Тимофей Скатов финалға шығу үшін рейтингіде 325-сатыдағы франциялық Антуан Гибодомен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мадрид турнирінде Юлия Путинцеваның тартысты бәсекеде 19 жастағы теннисшіні жеңгенін жазған болатынбыз.