АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 198-ракеткасы Тимофей Скатов Шымкент челленджер турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 526-орындағы ресейлік Святослав Гулинмен бетпе-бет келді.
Бұл қос теннисшінің алғашқы кездесуі еді.
Т.Скатов матчты сәтті бастады – 6:2. Дегенмен Гулин екінші партияда есе қайырды – 6:3. Шешуші, үшінші сетте Скатов жеңісті жұлып алды – 6:4.
Екі сағат 22 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші 4 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың алтауын құр жіберген жоқ. Гулин 1 эйс, 4 брейктен (10 брейк-пойнт) аса алмады.
Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 675-орындағы Беларусь өкілі Даниил Остапенковпен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 357-ракеткасы, бельгиялық Бувайсар Гадамауридан айласын асырды – 6:2, 4:6, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Шымкент турнирінің 1/8 финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).