АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 223-ракеткасы Тимофей Скатов Бостад (Швеция) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарысты іріктеу сайыстарынан бастаған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 27-ракеткасы, нидерландылық Таллон Грикспурды жолдан тайдырды.
Бірінші партияда нидерландылық теннисші 6:1 есебімен айқын басымдылық көрсеткенімен, одан кейін Скатов камбэк жасай алды – 6:3, 6:3.
Екі сағат 10 минутқа созылған тартысты матчта Тимофей 1 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Грикспур 6 эйс, 4 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті. Осылайша, Т.Скатов өз спорттық жолында алғаш рет ATP 250 додасында қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді.
Тимофей жартылай финалға шығу үшін португалиялықтар Энрике Роша немесе Нуну Боргештің қай жеңгенімен таласады.
Қазақстандық теннисші осы табысының арқасында ATP Live рейтингісінде 183-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Швециядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).